2024 жылғы 3 қыркүйекте Целиноград ауданының №2 жалпы орта білім беретін мектебінде Ақмола облысы білім басқармасының Психологиялық қолдау орталығының қызметкерлері білім беру ұйымдары басшыларына, директорлардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларына, педагог-психологтарға және әлеуметтік педагогтарға арналған «Қауіпсіз білім беру ортасын құру бойынша білім беру ұйымдарының психологиялық қызметінің өзекті міндеттері» тақырыбында семинар-практикум өткізді.
Семинар барысында қатысушылар Психологиялық қолдау орталығының құрылымы және қызмет бағыттарымен танысты. Сонымен қатар, «HR+» психологиялық-педагогикалық мониторингтің автоматтандырылған жүйесін білім беру процесіне енгізу мәселелері қарастырылды. Бұл жүйе білім алушылардың психологиялық жай-күйін бақылауға және қажетті қолдау шараларын жедел қабылдауға мүмкіндік береді.
Семинарда психологиялық қызмет жұмысының құқықтық-нормативтік негіздері де талқыланды. Практикалық блокта педагогтер мен әлеуметтік педагогтарға арналған тренингтер мен консультацияларды ұйымдастыру, сондай-ақ оларды тиімді өткізу жолдарына ерекше назар аударылды.
Шара соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісті және болашақта жүзеге асырылатын жұмыстар бойынша ұсыныстар алды.