Ақмола облысы педагог-психологтар қауымдастығы кеңесінің мүшелері мен білім бөлімдерінің әдіскерлеріне арналған секциялық отырыс өтті. Іс-шара барысында білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің жаңа бағыттары мен заманауи технологияларды енгізу мәселелері қаралды.
Отырыста Шокимова Сайран Азнабаевна, Ақмола облысы білім басқармасының психологиялық қолдау орталығы басшысының міндетін атқарушы, орталықтың құрылымы, қызметі мен ұсынымдары туралы баяндама жасады. «HR+» автоматтандырылған психологиялық-педагогикалық мониторинг жүйесін енгізу тақырыбында жобаның жетекшісі Куанышбекова Еркежан Қайратовна сөз сөйледі. Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің «Педагогикалық инноватика» ғылыми-зерттеу зертханасының жетекшісі, PhD, доцент Ракишева Гүлмира Мәдиқызы мектеп психологтарына арналған авторлық өнім – «Виртуалды психологиялық зертхана» платформасын таныстырды. Көкшетау қаласындағы НЗМ директорының орынбасары Едрисов Ерболат Кенжеболатұлы буллингтің алдын алуға бағытталған халықаралық «KIVA» бағдарламасын ұсынды. Сонымен қатар, психологиялық қызметті әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз ету және үйлестіру тақырыбында психологиялық қолдау орталығы басшысының орынбасары Ермұханова Инара Ибраимовна баяндама жасады.
Отырыс соңында аудандық және қалалық қауымдастықтардың әдіскерлері мен жетекшілеріне арналған «Психологиялық қызмет мамандарының жұмысындағы инновациялық практико-бағытталған технологиялар» атты практикум өткізілді. Қатысушылар нақты кейстерді қарастырып, қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес іс-әрекет алгоритмдерін тәжірибе жүзінде пысықтады.